Өзбекстанда күн панельдерін сынақтан өткізетін зертхана ашылады
Корея Республикасы Үкіметінің гранты негізінде 2026–2029 жылдары Өзбекстанда күн панельдерін сынақтан өткізетін зертхана ашылады.
Осыған орай, Өзбекстан Республикасының Техникалық реттеу агенттігінде Корея Республикасының Энергетикалық технологияларды бағалау және жоспарлау институты (KETEP) мен Корея сынақ зертханасының (KCL) өкілдерінің қатысуымен күн фотоэлектрлік панельдерін сынақтан өткізетін зертхана құру жобасы талқыланды.
Бұл бастама Корея Республикасы Үкіметінің гранты негізінде 2026–2029 жылдары жүзеге асырылады. Жоба Өзбекстандағы жаңартылатын энергия саласының техникалық инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған. Жаңа зертхана жергілікті өндірілген және елге импортталатын күн панельдерін халықаралық талаптарға сай сынақтан өткізу және бағалау мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.
Жоба аясында күн фотоэлектрлік панельдерін сынауға арналған IEC халықаралық стандарттарын енгізу, заманауи сынақ әдістемелерін меңгеру, зертхананы жоғары дәлдіктегі жабдықтармен қамтамасыз ету және ұлттық мамандардың біліктілігін арттыру көзделген.

Мамандардың айтуынша, бұл зертхананың іске қосылуы техникалық реттеу жүйесін халықаралық тәжірибеге сәйкестендіруге, жаңартылатын энергия көздері өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық өндірушілердің экспорттық әлеуеті мен сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Осылайша, Өзбекстан мен Корея арасындағы бұл бірлескен жоба «жасыл» энергетика саласында заманауи сынақ инфрақұрылымын қалыптастыруға, инновациялық технологияларды енгізуге және халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруге берік негіз қалайды.

Сонымен қатар, жаңа зертхана күн энергетикасы саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық деңгейде мойындалған сынақ нәтижелерін алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға серпін беріп, Өзбекстанның «жасыл» экономикаға көшу үдерісін жеделдетуге ықпал етеді.