Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Франция қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу саласында ынтымақтастық орнатты
Ташкент қаласында күні кеше өткен Ташкент халықаралық инвестициялық форумы аясында бірқатар ірі инвестициялық келісімдерге қол қойылып, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындайтын маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Солардың қатарында «нөлдік қалдық» қағидатына негізделген жасыл экономиканы дамытуға арналған халықаралық кездесулер өтіп, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қалдықтарды тиімді басқару және айналым экономикасын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, Қалдықтарды басқару және циркулярлық экономиканы дамыту агенттігі өкілдері халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп, қалдықтарды басқару саласындағы Орталық Азия елдері мен шетелдік мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер соңында агенттік директоры Шарифбек Хасанов, Сауд Арабиясының «VISION INTERNATIONAL INVESTMENT COMPANY» компаниясының президенті Омар Әлмидани және Францияның «SUEZ INTERNATIONAL» компаниясының Еуропа мен Орталық Азия бойынша бас директоры Сильвер Делонэ арасында ынтымақтастық туралы келісімге (Head of Terms) қол қойылды.
Аталған жоба қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу саласында өзара ынтымақтастық орнатуды көздейді. Жобаның жалпы құны 78 миллион АҚШ долларын құрайды.
Бұл бастама Өзбекстанда экологиялық қауіпсіздікті арттыруға, қалдықтарды тиімді басқару жүйесін дамытуға және циркулярлық экономика қағидаттарын кеңінен енгізуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.