Өзбекстан Президенті үздік жастарға мемлекеттік наградаларды табыстады
Өзбекстан Республикасы Президентінің 29 маусымдағы Жарлығы мен қаулысына сәйкес, өз білімі, таланты, бастамашылдығы және жанкешті еңбегімен Жаңа Өзбекстанның дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ жас «Келажак бунёдкори» медалімен және «Мард ўғлон» мемлекеттік сыйлығымен марапатталған болатын.
30 маусым – Жастар күніне орай Ташкенттегі Олимпияда қалашығында осы мемлекеттік наградаларды табыстау салтанаты өтті.


Мемлекет басшысы ел жастарының әрқайсысында зор әлеует, талант пен қабілет бар екенін ерекше атап өтті.
– Сіздер кезінде ұлы жаңалықтарымен әлем өркениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Бірінші және Екінші Ренессанстың «ақыл шырағына» айналған ұлы бабаларымыздың лайықты мұрагерлерісіздер. Әрине, мұрагер болу – тек мақтаныш емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік.


Ата-бабаларымыз адамзат өркениеті үшін қандай ұлы істер атқарса, сіздер де Жаңа Өзбекстанда жаңа жаңғыру дәуірі – Үшінші Ренессанстың берік іргетасын қалайтын күшке айналуларыңыз керек, – деді Шавкат Мирзиёев.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы жастарға мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыс етті.


– Бүкіл халқымыздың атынан бүгін мемлекеттік марапатқа ие болған жастарды тағы да шын жүректен құттықтаймын. Бұл жоғары марапат сіздерді жаңа жетістіктерге қанаттандырып, биік белестерге бастай берсін! Қатарларыңыз одан әрі көбейе берсін! – деді Өзбекстан басшысы.
Марапат иелері мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан жан-жақты қолдау мен мүмкіндіктер үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да өз білімдері, еңбектері және тың бастамаларымен Отанның өркендеуіне лайықты үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.












