Өзбекстан Президенті Оман делегациясын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысу үшін елімізге келген Оман Сұлтандығының экономика министрі Хамис бен Сайф әл-Жабри бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесу басында мәртебелі мейман Мемлекет басшысына Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтің сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық-қаржылық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кейінгі жылдары екі ел арасындағы байланыстардың белсенді дамып келе жатқаны, тауар айналымының көлемі артқаны атап өтілді. Өзбек-Оман инвестициялық компаниясының қатысуымен маңызды жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ келесі айдан бастап екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасы жолға қойылады.

Тараптар биыл Маскат қаласында Үкіметаралық бірлескен комиссияның кезекті отырысын өткізуге келісті.

Кездесу барысында көлік, логистика, геология, электрондық сауда, цифрлық инфрақұрылым және басқа да бағыттардағы перспективалы жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды.