Өзбекстан Президенті Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Ислам өркениетінің I халықаралық форумына қатысу үшін елімізге келген Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-уль Ислам Аллашүкір Паша-Задені қабылдады.
Кездесу басында Мемлекет басшысы Шейх-уль Ислам сыйға тартқан, Өзбекстан мен Әзербайжан басшыларының бірлескен күш-жігеріне арналған «Бауырластық пен одақтастықтың ең жоғары шыңы» атты кітап үшін алғыс білдірді.

Кездесу барысында ұлтаралық келісім мен діни төзімділікті одан әрі нығайту, жастардың рухани тәрбиесін жетілдіру және өзге де өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Өзбекстан Президенті екіжақты мәдени-гуманитарлық және ағартушылық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастамаларды алға тартты.

Сондай-ақ исламның шынайы гуманистік құндылықтарын жастарға қарапайым әрі тартымды түрде түсіндіру мақсатында цифрлық платформалар мен интерактивті білім беру құралдарын пайдалану үшін ғылыми әлеуетті біріктірудің маңыздылығы атап өтілді.



Кездесу соңында Мемлекет басшысы Аллашүкір Паша-Задені мұсылман әлемінің ғылымы мен рухани дамуына қосқан зор үлесі үшін Өзбекстан Республикасының «Эл-юрт хурмати» (Ел-жұрт құрметі) орденімен марапаттады.