Өзбекстан Президенті I дәрежелі «Манас» орденімен марапатталды
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевті I дәрежелі «Манас» орденімен марапаттау рәсімі өтті.
Қырғыз Республикасының жоғары мемлекеттік наградасын Өзбекстан басшысына Президент Садыр Жапаров табыстады.



Өзбекстан көшбасшысы бауырлас Қырғызстан Президенті мен халқына шынайы ризашылығын білдіріп, бұл марапатты екі халық арасындағы ғасырлар бойғы достық пен тату көршілік байланыстарды нығайту жолындағы ортақ күш-жігердің, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынасты жаңа тарихи кезең – одақтастық деңгейіне көтеруге бағытталған бірлескен ұмтылыстардың жоғары бағалануы ретінде қабылдайтынын атап өтті.



1996 жылы тағайындалған «Манас» ордені Қырғыз Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградаларының бірі саналады. Ол республика және шетел азаматтарына мемлекеттілікті және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, халықтар арасындағы бейбітшілік, достық пен өзара түсіністік байланыстарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін беріледі.