Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы бір жылда 30 пайызға өсті
Ташкент қаласында инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратов Тәжікстан Республикасының өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрі Шерали Кабир-пен ресми кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында металлургия, агроөнеркәсіп, электротехника, тоқыма өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, фармацевтика секілді стратегиялық бағыттардағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы жан-жақты талқыланды.


Сондай-ақ екі ел аумағында бірлескен өнеркәсіптік нысандар салу және өндірісті дамыту бойынша нақты ұсыныстар қарастырылды. Бұл бастамалар Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 912,3 миллион долларды құраған. Оның ішінде экспорт көлемі 683 миллион доллар болса, импорт 229,3 миллион долларға жеткен.
Қазіргі таңда екі мемлекеттің аумағында 500-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Атап айтқанда, Өзбекстанда тәжік капиталы қатысқан 386 кәсіпорын болса, Тәжікстанда өзбекстандық 116 кәсіпорын қызмет атқаруда.
