Өзбекстан мен Франция арасындағы энергетикалық жобалар портфелі 4 миллиард доллардан асты
Өзбекстан мен Франция арасындағы энергетика саласындағы бірлескенжобалар портфелі 4 миллиард доллардан асты.
ӨР Энергетика министрлігінің мәліметінше, министр Журабек Мирзамахмудов «MEDEF International» жанындағы Өзбекстан–Франция Іскерлік кеңесінің төрағасы Клод Имовен және Францияның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уалид Фукпен кездесті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың басым бағыттары талқыланды.
Тараптар кейінгі жылдары жоғары деңгейдегі диалогтар Өзбекстан мен Франция арасындағы қатынастарды сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
Қазіргі таңда Франция Өзбекстанның энергетика саласындағы негізгі серіктестерінің бірі саналады. Бүгінде француз компанияларының қатысуымен жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын үш ірі жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар құны 1,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын алты перспективалы жоба бойынша жұмыстар жалғасуда. Осылайша, екі елдің энергетика саласындағы бірлескен жобалар портфелінің жалпы құны 4 миллиард АҚШ долларынан асты.
Кездесуде EDF компаниясымен ынтымақтастық аясында Сырдария және Сұрхандария облыстарында жалпы қуаты 3,1 ГВт-тан асатын заманауи бу-газ электр станцияларын салу жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Бұл жобалар елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, электр энергиясын өндіру тиімділігін арттыруға және тұтынушыларды сенімді электрмен қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Сондай-ақ «TotalEnergies» және «Voltalia» компанияларының жаңартылатын энергетиканы дамытуға қосып отырған үлесі жоғары бағаланды. Олар күн және жел электр станцияларын, сондай-ақ энергия сақтау жүйелерін салу арқылы Өзбекстанның «жасыл» энергетика саласындағы стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді.
Кездесу соңында тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастық әлеуетінің әлі де жоғары екенін атап өтіп, инвестициялық әріптестікті кеңейтуге, озық технологияларды тартуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша өзара ынтымақтастықты жүйелі түрде жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді.