Өзбекстан делегациясы БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкілдерімен кездесті
БҰҰ-ның Терроризмге қарсы күрес апталығы аясында Өзбекстан делегациясы Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі төрағасының бірінші орынбасары Б. Турсуновтың жетекшілігімен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Терроризмге қарсы күрес басқармасы басшысының міндетін атқарушы Александр Зуевпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, террористердің жаңа технологияларды пайдалануына қарсы іс-қимыл жасау және терроризмді қаржыландырудың алдын алу бағытындағы ынтымақтастықты жоғары бағалады.
Сондай-ақ қақтығысты аймақтардан қайтарылған азаматтарды оңалту және қоғамға қайта бейімдеу жөніндегі Халықаралық құзыреттер орталығын құру мәселесі талқыланды.

Кездесуде Өзбекстан мен БҰҰ-ның Терроризмге қарсы күрес басқармасы арасында 2026–2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жаңа жол картасына қол қойылды. Құжат терроризмге қарсы күрес саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, Өзбекстанға сараптамалық және техникалық қолдау көрсетуге бағытталған.
Бұдан бөлек, Нью-Йоркте Өзбекстан делегациясы БҰҰ-ның Терроризмге қарсы күрес комитеті Атқарушы дирекциясының директоры Наталья Германмен кездесіп, қауіпсіздік саласындағы бірлескен бастамаларды талқылады. Тараптар терроризм қатеріне қарсы күрестегі ынтымақтастықты одан әрі күшейтудің маңызын атап өтті.

Айта кетейік, БҰҰ-ның Терроризмге қарсы күрес апталығы – мүше мемлекеттерді, БҰҰ жүйесінің құрылымдарын, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығын қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді талқылау және БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын іске асыруға бағытталған практикалық шараларды әзірлеу үшін біріктіретін беделді халықаралық алаңдардың бірі. Биыл бұл іс-шара 26 маусым мен 2 шілде аралығында өтуде.