«Узбекнефтгаз» және «Bank of China» қаржылық ынтымақтастықты кеңейтеді
Токио қаласында «Узбекнефтгаз» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары бастаған делегация мен «Bank of China» банкі Жапониядағы өкілдігінің басшылығы арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында «Узбекнефтгаз» АҚ-ның қаржылық тұрақтылығын нығайту, несие портфелін оңтайландыру және қаржылық шығындарды азайту мәселелері талқыланды.

Келіссөздер барысында «Узбекнефтгаз» АҚ-ның мемлекет кепілдігімен бұрын тартылған жоғары пайыздық несиелерін қайта қаржыландыру жөнінде «Bank of China» банкімен мандаттық келісімге қол қойылды. Сонымен қатар қайта қаржыландыру үдерісінің негізгі шарттары бойынша тараптар уағдаластыққа қол жеткізді.
Бұл тетікті жүзеге асыру арқылы компанияның несие міндеттемелерін тиімді басқару, пайыздық шығындарды азайту және қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру көзделіп отыр.

Келісім Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы үйлестіруші комиссия белгілеген міндеттердің орындалуы аясында жүзеге асырылуда.
«Узбекнефтгаз» АҚ ақпарат қызметінің мәліметінше, кездесуде ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру перспективалары да талқыланды. Тараптар өзара қаржылық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ перспективалы жобалар аясындағы серіктестік ауқымын кеңейтуге келісті.