Тель-Авивтен Венаға ұшқан ұшақ Болгарияға шұғыл қонды
Израильдің Тель-Авив қаласынан Австрия астанасы Венаға бағыт алған Austrian Airlines әуе компаниясының ұшағы бортта жарылғыш зат бар деген хабардан кейін Болгарияға шұғыл қонды.
KAN News басылымының хабарлауынша, ұшақ 18 қазан күні кешке Бен-Гурион әуежайынан көтерілген. Бортта жарылғыш зат бар деген хабар түскен соң экипаж ұшуды жалғастырмай, София әуежайына қону туралы шешім қабылдаған.
Болгарияның Көлік және коммуникациялар министрлігінің мәліметінше, экипаж Румыния шекарасына жақын жерде жарылыс қаупі туралы хабар алып, шұғыл қонуға шешім қабылдаған.
Austrian Airlines кіретін Lufthansa Group авиациялық тобы да ұшақтың қауіп туралы хабарға байланысты қонғанын растады. Ұшақ бортында 51 жолаушы мен экипаждың алты мүшесі болған.
Компанияның хабарлауынша, ұшақты қауіпсіздік қызметтері тексерген. Тексеру аяқталғаннан кейін жолаушыларды балама рейспен Венаға жеткізу жоспарланған.
Мәліметтерге қарағанда, ұшақ бортында Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлеуі тиіс жастар делегациясы да болған.