Ташкентте жылына 20 миллион жолаушыға қызмет көрсететін жаңа әуежай салынады
Өзбекстанда көлік инфрақұрылымын жаңғырту және елдің халықаралық логистикалық орталық ретіндегі орнын нығайту жолында тағы бір маңызды қадам жасалды.
Ташкент халықаралық инвестициялық форумы аясында елорданың жаңа халықаралық әуежайын салу және оны басқару жөніндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Бұл ірі жоба алдағы жылдары авиация саласының дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Форум барысында Uzbekistan Airports акционерлік қоғамы мен құрамына Sojitz Corporation (Жапония) және Incheon International Airport Corporation (Корея Республикасы) кіретін, Vision Invest (Сауд Арабиясы) жетекшілік ететін халықаралық консорциум арасында Ташкенттің жаңа халықаралық әуежайын салу және кейін оны пайдалану жөніндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімге қол қойылды.
Аталған келісімге дейін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Халықаралық қаржы институттарының талаптарына сәйкес экологиялық және әлеуметтік бағалау шаралары өткізілді, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімі әзірленді, инженерлік коммуникацияларды көшіру жөніндегі жобалық құжаттама дайындалды және болашақ әуежай аумағын дайындау жұмыстары басталды.
«Бұл әуежай жобасы Мемлекет басшысының бастамасымен Үкіметтің, Экономика және қаржы министрлігінің, сондай-ақ Көлік министрлігінің қолдауымен әзірленді. Бүгін біз оны жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамды жасадық. Ташкенттің жаңа халықаралық әуежайы алдағы ондаған жыл бойы жолаушылар мен жүк тасымалына деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ететін заманауи технологиялық авиациялық хабқа айналады», – деді «Uzbekistan Airports» төрағасы Жавлонбек Умархожаев.
Оның айтуынша, жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастықтың арқасында Өзбекстан тек инвестиция тартып қана қоймай, әлемдегі ең ірі әуежай кешендерін жобалау, салу және басқару саласындағы озық тәжірибеге де ие болады.
Өзбекстан Президентінің 2025 жылғы 25 қарашадағы тиісті қаулысына сәйкес, жаңа әуежай Орта Шыршық ауданы мен Төменгі Шыршық ауданы аумағында орналасады. Жобаның жалпы жер көлемі 1310 гектарды құрайды.
Жобаның алғашқы кезеңінде ұзындығы 4 шақырым болатын екі ұшу-қону жолағы, ауданы 208 мың шаршы метр жолаушылар терминалы, әуе кемелеріне арналған 98 тұрақ орны, жанармай құю кешені және заманауи әуе қозғалысын басқару мұнарасы салынады.
2030 жылдың соңында пайдалануға берілуі жоспарланған әуежай жылына 20 миллион жолаушыға және 300 мың тоннаға дейін жүкке қызмет көрсете алады.
Қол қойылған келісімге сәйкес, жеке серіктестер консорциумы жолаушылар терминалы мен вокзал маңы аумағын салып, кейін оны пайдалануға жауап береді. Ал мемлекеттік серіктес аэродром кешенін салу және пайдалану жұмыстарын жүзеге асырады.
Бекітілген кестеге сәйкес, биылғы маусым айында инженерлік желілерді көшіру жұмыстары басталып, аумақты дайындау аяқталады және құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Жаңа Ташкент халықаралық әуежайы қалыптасып келе жатқан ұлттық көлік-логистика жүйесінің негізгі буынына айналып, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету, заманауи цифрлық шешімдер мен халықаралық әуе қатынастарының, сауда мен туризмнің дамуына кең мүмкіндік береді деп күтілуде.