Ташкентте Түркі әлемінің ортақ болашағы мен өзара ынтымақтастығы талқыланды
Ташкенттегі Жаһандық экономика және дипломатия университетінде «Түркі әлемінің диалогы: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» тақырыбында жоғары деңгейдегі конференция өтті.
Анкара қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшыларының 13-саммитіне дайындық аясында ұйымдастырылған бұл жиынға дипломатиялық, академиялық және медиа саласының өкілдері бас қосты.
Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасы мен Жаһандық экономика және дипломатия университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен іс-шарада түркі әлемі ынтымақтастығының негізі саналатын ортақ тарихи және мәдени мұраны сақтау мәселелерімен қатар, бүгінгі күннің өзекті жаһандық сын-қатерлері жан-жақты талқыланды. Диалог барысында өңірлік және жаһандық ахуал, экономикалық-саяси өзара тәуелділік, сондай-ақ цифрлық трансформация үдерісі мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелеріне баса назар аударылды.
[gallery-31684]
Ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздік, жалған ақпарат пен цифрлық манипуляцияға қарсы бірлесіп күресу және өзара байланысты жаңа деңгейге көтеру мәселелері де көтерілді. Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенаты Төрағасының бірінші орынбасары, Жаһандық экономика және дипломатия университетінің ректоры Содиқ Сафоев пен Түркия Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Улуташ екіжақты және жалпы түркілік ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын атап өтті.
Түркия Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран қатысушыларға бейнеүндеу жолдады. «Анадолы» агенттігі бас директорының орынбасары әрі бас редакторы Юсуф Узхан модераторлық еткен негізгі пікірталас сессиясында беделді сарапшылар – Каппадокия университетінің ректоры Хасан Али Карасар, Өзбекстан Президенті кеңесшісінің орынбасары әрі Орталық Азия халықаралық институтының директоры Жавлон Вахобов және Анкарадағы Хажы Байрам Вели университетінің деканы Фырат Пурташ өздерінің сараптамалық пайымдарымен бөлісті.
Іс-шара барысында Ташкенттегі кездесу жай ғана дипломатиялық диалог емес, түркі мемлекеттері арасындағы ақпарат, білім беру және цифрлық технологиялар салаларында нақты ұсыныстар әзірленген практикалық алаңға айналғанына көз жеткіздік. Кездесу аясында қалыптасқан идеялар мен ұсыныстар Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшылары саммитінің күн тәртібін толықтыруға ықпал етеді.
суреттерді түсірген О.Пардаев, ӨзА