Ташкент қаласында IATA кеңсесі ашылды
Ташкент қаласында Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) кеңсесінің ашылуына орай салтанатты ұйымдастырылды. Оған сала мамандары, сарапшылар және халықаралық серіктестер қатысты.
Іс-шарада Өзбекстан Республикасы Көлік министрінің орынбасары Жасурбек Чориев, IATA-ның Еуропа бойынша өңірлік вице-президенті Рафаэль Шварцман және өзге де қатысушылар сөз сөйлеп, өзара ынтымақтастықтың авиация саласын дамытудағы маңызын атап өтті.
Сарапшылардың айтуынша, Өзбекстан өзінің Орталық Азиядағы қолайлы географиялық орналасуын тиімді пайдалана отырып, көршілес елдермен қатар Азия, Кавказ және Еуропаны байланыстыратын маңызды өңірлік әуе хабына айналып келеді. IATA болжамына сәйкес, 2024–2050 жылдар аралығында елдегі жолаушы-километр (RPK) көрсеткіші 3,3 пайызға өседі.
Бұл әлеуетті толық іске асыру үшін халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерге сәйкестік аса маңызды. Атап айтқанда, IATA-ның операциялық қауіпсіздік аудиті – IOSA бағдарламасын енгізу отандық әуе компанияларының қауіпсіздік деңгейіне деген сенімді арттырады.

Көлік министрінің орынбасары Жасурбек Чориевтің айтуынша, бұл оқиға тек Өзбекстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды кезең болып табылады: – Біз енді IATA мүмкіндіктері аясында ынтымақтастық пен өзара байланысты кеңейтуге жаңа мүмкіндік алып отырмыз. Ең бастысы – бұл қауіпсіздік пен қаржылық операциялардың кепілі. Бұл авиакомпаниялардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сенімді нығайтады. Аталған кеңсенің ашылуы – жай ғана шара емес, Өзбекстанның жаңа авиациялық нарық ретіндегі мәртебесін айқындайтын маңызды белгі, – деді ол.
Айта кетейік, IATA 1945 жылы құрылған, штаб-пәтері Канадада орналасқан жаһандық авиациялық ұйым. Ол әлем бойынша 300-ден астам әуе компаниясын біріктіріп, халықаралық стандарттарды енгізу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әуе қатынасын тиімді ұйымдастырумен айналысады.

Шара барысында IATA-ның Еуропа бойынша өңірлік вице-президенті Рафаэль Шварцман биылғы жылдың соңына дейін Өзбекстанда «Billing and Settlement Plan» (BSP) жүйесі іске қосылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жүйе қаржылық операцияларды тиімді әрі үнемді жүргізуге мүмкіндік беріп, әуе компаниялары үшін жаһандық деңгейде қызмет көрсетуді жеңілдетеді.
– Өзбекстан – қарқынды дамып келе жатқан нарық, жолаушылар мен жүк тасымалы көлемі бойынша Орталық Азияда жетекші орындардың бірін иеленеді. IATA кеңсесінің ашылуы мен BSP жүйесінің енгізілуі авиациялық қауіпсіздік пен операциялық тиімділікті арттырып, саланың дамуына стратегиялық серпін береді, – деді Рафаэль Шварцман.