Ташкент қаласында гастрономиялық туризм көшелері көбейіп келеді
Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласының «Мирза Ұлықбек» ауданы аумағындағы «Өзбекстан даусы» көшесінде ұйымдастырылған гастрономиялық туризм көшесінің қызметімен танысты.
Туризм – аз қаражат жұмсап-ақ көп жұмыс орнын құратын, халық табысын арттырып, өңірлердің келбетін жақсартатын маңызды сала. Ташкент қаласында бұл бағытта мүмкіндіктер мол.
Атап айтқанда, «Мирза Ұлықбек» ауданында осы әлеуетті толық пайдалану мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.

«Өзбекстан даусы» көшесінде жүргізілген құрылыс және абаттандыру жұмыстары елде туризм мен қызмет көрсету салаларын дамытуға бағытталған айрықша назардың нақты көрінісіне айналды.
Бұл жоба Мемлекет басшысының 2022 жылғы 30 сәуірде қабылданған «Ішкі туризм қызметтерін әртараптандыруға қатысты қосымша шаралар туралы» қаулысы негізінде іске асырылған.
Нысан 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген. Жобасын Ресейдің «City Makers» және «Люди Архитектс» бюролары әзірлеген.

Көшенің жалпы ұзындығы 2,1 шақырымды құрайды. Мұнда заманауи инфрақұрылым қалыптастырылған. Атап айтқанда, кең жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынған, тұрғындар мен туристер үшін қолайлы жағдай жасалған.
Аумақта селфи-аймақтар, ашық аспан астындағы спорт алаңдары, биодәретханалар орнатылған. Сонымен қатар отбасылық демалыс орындары, балаларға арналған экологиялық алаңдар және арқанды саябақ жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы көше бойымен жүріп, заманауи үлгіде жөнделген үйлерді, көркейтілген көшелерді және тұрғындарға жасалған жағдайларды тамашалады. Сондай-ақ осы жерде тұратын отбасылармен жылы жүздесіп, әңгімелесті.

Жобаның жалпы құны 40 миллиард сумды құрайды. Көшеде жалпы 165 сауда нысаны жұмыс істейді. 89 кәсіпкерлік субъектісі тәулік бойы қызмет көрсету тәртібіне көшкен. Сонымен қатар 2 221 жаңа жұмыс орны ашылған.
Мемлекет басшысына осы жерде Ташкент қаласындағы туризм және гастрономиялық көшелерде жүзеге асырылған жұмыстар туралы ақпарат берілді.
2025 жылы Ташкент қаласында жалпы саны 26 көше тәулік бойы жұмыс істеу режиміне өткен. Бұл бағытқа 540 миллиард сум қаржы бағытталған. Нәтижесінде 1 103 жаңа сауда және қызмет көрсету нысаны ашылып, 315 кәсіпкерлік субъектісі 24/7 режимінде жұмыс істей бастаған, 26 шетелдік бренд қызметі жолға қойған.

Жүргізілген жұмыстар экономикалық көрсеткіштерге де оң әсерін тигізген. Көшелердегі түрлі қызметтерді пайдаланушылар саны тәулігіне 80 мыңнан 200 мың адамға дейін жетіп, 6 мың адам жұмыспен қамтылған.
Биыл тағы 18 жаңа туризм көшесін ұйымдастыру, 500 жаңа нысанды іске қосу және 7 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отырғаны айтылды.
Мемлекет басшысы осы ауданында гастрономиялық туризм көшелерінің санын арттыру, бар мүмкіндіктерді толық пайдалану, қызмет сапасын жақсарту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

