Сұрхандариядан 4 мың жылдық жібек шаруашылығының іздері табылды
Сұрхандария облысындағы «Сопплитепа» ескерткішінен шамамен 4 мың жыл бұрын бұл өңірде жібек өндірісі болғанын көрсететін дәлелдер табылды.
Ғалымдар анықтаған көне піллә мен тұт ағашының қалдықтары Орталық Азиядағы жібек өндірісінің тарихы туралы деректер қорын өзгертуі мүмкін.
«Народное слово» газетінің мәліметінше, ғалымдар Сұрхандария облысында орналасқан қола дәуіріне жататын ежелгі егіншілер қонысы – «Сопплитепа» аймағынан табылған жәдігерлерді зерттеген.
Өзбекстан Ғылым академиясының Антропология институты мамандары халықаралық зерттеушілер тобымен бірлесіп, осы аумақтан табылған үш көне піллә бөлігін талдаған.
Микроморфологиялық және протеомдық зерттеулер осынау қалдықтарының қолдан өсірілеген жібекқұртына тиесілі екенін растап отыр.
Радиокөміртектік талдау табылған жәдігерлердің б.з.б. 1940–1765 жылдарға, яғни шамамен 4 мың жыл бұрынғы кезеңге жататынын көрсеткен.
Археологтар дәл осы мәдени қабаттан тұт ағашының қалдықтарын да анықтаған. Тұт жапырағы жібек құртының негізгі қорегі екені белгілі.
Ғалымдардың пікірінше, бір жерден піллә мен тұт ағашы қалдықтарының табылуы «Сопплитепа» тұрғындарының қола дәуірінің өзінде жібек өсіру және оны өңдеу технологияларынан хабардар болғанын көрсетуі мүмкін.
Бұл жаңалық Орталық Азияда жібек өндірісі технологиясының таралу тарихына қатысты қалыптасқан түсініктерді жаңа деректермен толықтыруы ықтимал.
Сонымен қатар бұл жаңалық Ұлы Жібек жолының қалыптасуымен байланысты кеңінен қабылданған мерзімді — б.з.б. II ғасырды өзгертпейді. Алайда ол жібек өнімдері мен оларды өндіруге қатысты білім алмасу Ұлы Жібек жолы қалыптасқанға дейін шамамен екі мың жыл бұрын басталған болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Осынау құнды зерттеулер нәтижесі Science Advances ғылыми журналында жарияланған.