Шахмат олимпиадасы: Өзбекстан құрамасы чемпион атанды
Самарқандта Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының жабылу салтанаты өтті.
Самарқанд халықаралық туризм орталығындағы «Мәңгілік қала» кешенінде өткен Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының салтанатты жабылу рәсімі күтпеген тосын сыйларға толы өтті.
10 қыркүйекте ФИДЕ-нің үшінші шахмат паралимпиадасымен басталған Самарқандтағы шахмат додалары Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы және Халықаралық шахмат федерациясының конгресімен жалғасып, осылайша өз мәресіне жетті.
[gallery-31639]
Айта кетейік, Халықаралық шахмат федерациясының тарихында алғаш рет шахмат паралимпиадасы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасымен бір мезгілде әрі бір жерде ұйымдастырылды. Оған 36 елден 41 команда және 164 жетекші шахматшы қатысты. Өзбекстандық спортшылар да табандылық, жігер танытып, алғаш рет шахмат паралимпиадасының қола медальдарын жеңіп алды.
Сонымен қатар, Самарқандта өткен ФИДЕ конгресінің Бас ассамблеясында қазақстандық Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайланды. Ұйымның сегізінші президенті қызметіне кіріскен Тимур Турлов – ФИДЕ тарихындағы ең жас басшы. Ол не бәрі 38 жаста.
Әйелдер арасындағы жарыста үшінші орын мен қола медаль Үндістан құрамасына, екінші орын мен күміс медальдар Қазақстан өкілдеріне нәсіп етті. Ал бірінші орын, алтын медаль және «Вера Менчик» кубогын Қытай шахматшылары иеленді.
Бүгінде шахмат әлемінде өзіндік орны бар Жавохир Синдаров «Үздік ер шахматшы» номинациясының жеңімпазы атанды.
Сонымен, Самарқандтағы ФИДЕ-нің 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының алтын медальдары мен «Гамильтон–Рассел» кубогы Өзбекстан құрамасының мүшелеріне табысталды.
[gallery-31637]
Чемпион құраманың құрметіне Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны шырқалды.
Салтанатты рәсім аясында Өзбекстанның өнер шеберлері мен жас орындаушыларының қатысуымен көпшілік қауымның құрметіне ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылды.
Іс-шара соңында ФИДЕ шахмат олимпиадасының туы 2028 жылы 47-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасын қабылдайтын Біріккен Араб Әмірліктерінің спорт саласына жауапты өкілдеріне салтанатты түрде табысталды.
суреттерді түсіргендер А.Мамадаминов, А.Исроилов, ӨзА