Samsung компаниясының нарықтық капитализациясы 1 триллион долларға жетті
Оңтүстік Кореяның Samsung компаниясы нарықтық капитализациясы 1 триллион доллар межесінен асып, мұндай көрсеткішке қол жеткізген әлемдегі 13-корпорацияға айналды.
Бұл жағдай Apple компаниясының Samsung-пен АҚШ-та өз құрылғыларына арналған негізгі процессорларды өндіру бойынша ықтимал әріптестік жөнінде бастапқы келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы Bloomberg басылымы таратқан ақпараттан кейін орын алды.
Айта кету керек, келіссөздер әзірге бастапқы кезеңде. Дегенмен ықтимал серіктестік Apple компаниясының чип жеткізу тізбегін әртараптандыруға ұмтылысын көрсетеді. Сондай-ақ Samsung чип өндірісіне ауқымды инвестиция салатынын мәлімдеді, бұл да компания акцияларының өсуіне ықпал етті.
6 мамыр күні Сеул биржасында компания акциялары 11 пайыздан астамға қымбаттап, бір акцияның бағасы 261 500 вонға (179,3 доллар) жетіп, жаңа рекорд орнатты. 2026 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысы бойынша, Samsung Electronics операциялық пайдасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48 есеге өсіп, 53,7 триллион вонға (36 млрд доллар) жетті. Ал топтың таза пайдасы 47,1 триллион вонды құрады.