Қырғызстанда облыстар мен аудандар таратылып, округтер пайда болады
Қырғызстанда әкімшілік-аумақтық жүйені реформалау аясында облыстар мен аудандарды таратып, олардың орнына 20 округ құру жоспарланып отыр. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта республикада 44 аудан мен 33 қала бар.
«Облыстар мен аудандардың орнына 20 округ болады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл 20 облыс деген сөз. Бірақ бұл өзгерістерге әлі үш-төрт жыл бар», — деді ол Ноокат ауданы тұрғындарымен кездесу барысында әкімшілік реформалардың алғашқы кезеңі туралы айта отырып.
Жоба бойынша алдымен басқару жүйесінің тиімділігін бағалау үшін екі-үш жылдық пилоттық жоба ретінде бір округ құрылады. Негізгі мақсат – оның республикалық дотациядан тәуелсіз жұмыс істей алу мүмкіндігін анықтау. Егер жоба сәтті жүзеге асса, облыстар мен аудандар толықтай таратылып, ел округтерге бөлінеді.
Садыр Жапаров әкімшілік-аумақтық реформалардың алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асқанын атап өтті.
Реформалар нәтижесінде соңғы екі жылда елдегі ауыл аймақтарының саны 452-ден 231-ге дейін қысқартылған.