Қазақстанда Astana LRT қоғамдық көлік жұмысы іске қосылды
Қазақ елінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы LRT жұмысын реттейтін Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысып, қоғамдық көлік жұмысын іске қосты.
Ақорда мәліметінше, LRT жүйесіне мониторинг жүргізу және оның қызметін реттеумен 21 маман айналысады.
LRT жүйесінің әр құрамы 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желі арқылы 15 құрам жүргізушісіз жүреді (4 құрам резервте).
Басқару, жылдамдықты арттыру және тежеу, есікті ашу үдерістері, сондай-ақ төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер толығымен автоматтандырылған. Қосымша бақылау үшін қолмен басқару және диспетчермен байланысқа шығу мүмкіндігі қарастырылған.
Қазіргі уақытта LRT инфрақұрылымында 18 станция мен заманауи депо бар. Бағыт бойынша жолдың ұзақтығы шамамен 40 минутты құрайды. Құрамдар сағатына 50-60 шақырым орташа жылдамдықпен 5-6 минут сайын жүреді.
«Қасым-Жомарт Тоқаевқа 001 сериялы карта берілді. Мемлекет басшысы LRT жүйесінің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүрді», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта LRT жобасының екінші кезеңі бастаған. Жоспар бойынша 20 станциядан тұратын екінші кезеңнің жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайды.