Президент халықты жұмыспен қамту және табысын арттыру жөніндегі жұмыстармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев өңірлерде халықты жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша кеңейтілген жиын өткізді.
3 қыркүйекте Мемлекет басшысының төрағалығымен кедейлікті қысқарту және халық табысын арттыру жұмыстарын жаңа кезеңге шығару мәселелері бойынша бейнеселекторлық жиын өткен болатын. Онда өңірлердегі жұмысты ұйымдастыру тәсілін түбегейлі өзгертіп, негізгі өкілеттіктер мен ресурстарды аудан деңгейіне беру белгіленген еді.
Жаңа жүйеге сәйкес, әрбір облыс пен ауданда әкімнің жетекшілігімен штабтар құрылып, жұмыспен қамту органдары мен экономикалық кешен мекемелері азаматтарды жұмысқа орналастыру және табысын арттыру мәселелерін тікелей жергілікті жерде шешуі тиіс.
Бүгінгі жиында осы міндеттердің орындалуы, штабтардың жұмысы және өңірлердегі қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану деңгейі сын тұрғысынан қаралды.
Жында айтылғандай, барлық өңірде штабтар өз жұмысын бастады. Олардың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін экономикалық кешеннен әр облысқа екі адамнан, жалпы 28 жауапты басшы бекітілді. Реформалар штабы, министрліктер, банктер мен жергілікті әкімдіктер де жаңа жүйе бойынша жұмысқа кірісті.
Сонымен қатар, кейбір басшылардың әлі де кабинеттен шықпай жұмыс ұйымдастырып, махалларға барып, әр отбасы мен кәсіпорындағы нақты жағдайды зерделемей отырғаны айтылды. Мемлекет басшысы мұндай тәсілмен нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес екенін атап өтті.
Әкімдер кедейлік мәселесіне тек әлеуметтік реестр тұрғысынан қарамауы керек екені айтылды. Әлеуметтік реестр – халықты қолдау құралы ғана. Ал кедейлікті қысқарту – отбасын тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын ашу, қажетті инфрақұрылым мен жағдай жасау секілді кешенді міндет.
Жиында әр ауданда қолда бар мүмкіндіктерді іске қосу арқылы жұмыспен қамтуды арттыруға болатыны нақты мысалдармен көрсетілді.
Мәселен, «Қушкупир » ауданында 43 миллион еуроға салынған, 1 300 жұмыс орнына есептелген тоқыма кәсіпорнының жыл басынан бері жұмыс істемей тұрғанына сын айтылды. Кәсіпорынның қызметін қалпына келтіру үшін банк тарапынан дағдарыс менеджерін тартып, өндірісті толық қуатында іске қосу мүмкін.
Сондай-ақ 124 кәсіпорынның жалпы құны 6 триллион сум болатын активтеріне қойылған шектеулерді қайта қарау және оларды банк басқаруына беру арқылы 10 мың жұмыс орнын қалпына келтіруге болатыны айтылды.
«Оқолтин» ауданындағы «Оқолтин Мега Текстиль» кәсіпорнының мысалында да банктердің балансына өткен дайын нысандарды бөлшектеп сатудың орнына, оларды қайта іске қосып, жүздеген адамды жұмыспен қамтуға болатыны көрсетілді.
Жалпы, мемлекеттік банктердің балансында құны 10 триллион сумға жуық 2,5 мыңға тарта мүлік бар. Оларды тиімді пайдалану арқылы 40 мыңға дейін жұмыс орнын қалпына келтіруге мүмкіндік бар.
Жауапты тұлғаларға бір апта ішінде қарызды өтеу есебінен банктердің балансына өткен кәсіпорындарды толық түгендеу тапсырылды. Жыл соңына дейін оларды тұтас өндіріс нысаны ретінде сату немесе менеджер тағайындап, жұмысын қайта жандандыру шараларын қабылдау қажет.
Ауылдық аудандарда әлеуметтік осал отбасылардың мүшелерін жұмысқа қабылдаған кәсіпорындар үшін 1 қазаннан бастап осы қызметкерлерге қатысты әлеуметтік салық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендету белгіленді.
Жиында жеке сектордың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға да ерекше назар аударылды. «Оқолтин» ауданында кәсіпкер 880 орындық жекеменшік мектеп ашып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 110 баласын тегін оқытып отырғаны оң тәжірибе ретінде атап өтілді.
Бұл бастаманың маңызды шарты – тегін білім алатын баланың ата-анасы жұмысқа орналасып, баласының сабаққа тұрақты қатысуын қамтамасыз етуі. Осылайша ата-ана жұмыспен қамтылып, бала сапалы білім алады.
«Хазарасп» ауданындағы тігін кәсіпорнында 400 бос жұмыс орны болғанымен, бала күтіміне қажетті жағдайдың жеткіліксіздігі салдарынан көптеген әйелдің жұмысқа шыға алмай жүргені анықталды. Кәсіпорын басшысы балабақша ашуға жер телімі бөлінсе, әйелдерге тамақтану және көлік жағдайын жасауға дайын екенін білдірді.
Осыған байланысты кәсіпкерлер балабақша, мектеп және техникум ашу жөніндегі дайын жобаларын ұсынып, әлеуметтік осал отбасылардың балаларын тегін оқытқысы келсе, мемлекет жер телімдерін бастапқы бағасы 1 миллион сумнан аукционға шығаруға дайын екені айтылды.
Халықты жұмыспен қамтуда қызмет көрсету саласының мүмкіндіктері де қаралды. Көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында шаштараз, сұлулық салоны, шағын дүкен, ателье, аяқ киім және тұрмыстық техника жөндеу шеберханалары секілді тұрғындарға қажетті қызмет түрлерін ұйымдастыруға болады. Алайда қазір тұрғын үй-жайды тұрғын емес нысанға ауыстыру үшін артық рәсімдер мен рұқсаттар талап етіледі.
Осыған байланысты көппәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы пәтерлерді тұрғын емес нысан санатына ауыстырмай-ақ, оларды сауда және қызмет көрсету саласына бейімдеуге рұқсат беру ұсынылды. Бұл үшін тиісті органдарға хабарлаудың өзі жеткілікті болады.
Жауапты тұлғаларға бір ай ішінде мұндай нысандарда ұйымдастыруға болатын қызмет түрлерінің тізімі мен қауіпсіздік талаптарын әзірлеу тапсырылды.
Жиында аудан және махалла деңгейінде жұмысты ұйымдастыруға қатысты қосымша міндеттер де белгіленді. Ең алдымен, әр өңірде толық пайдаланылмай тұрған немесе бос тұрған ғимараттар мен нысандарды, сондай-ақ өндіріс пен қызмет көрсету көлемін кеңейтуге болатын жер телімдерін анықтап, оларды жаңа жобаларға тарту қажеттігі айтылды.
Аудан мен махалланың адам көп жүретін көшелерінде бас жоспарлар негізінде кәсіпкерлік жобаларын орналастыру, тарихи қалалар мен туристік махаллаларда көшелерді «ескі қала» стилінде абаттандырып, қонақ үйлер, сауда және қызмет көрсету орындарының санын арттыру міндеті қойылды.
Ауыл шаруашылығы саласында ескі бақтар мен қараусыз қалған жерлерді жаңарту, әр гектардан түсетін табысты арттыру маңызды екені атап өтілді. Бұл жер ресурстарын тиімді пайдалануға, өнімділікті арттыруға және ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Көпқабатты үйлердің айналасындағы бос аумақтарды анықтап, заңсыз иеленіп алынған жерлерді ретке келтіру, ортақ пайдаланудағы балалар алаңдары, спорт және фитнес орындары мен жасыл желек аймақтарын ұйымдастыру, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Халықты салауатты өмір салтына тарту, махаллар мен көшелерде жаппай серуендеу, дене жаттығулары, таңертеңгі және кешкі шынығу сабақтарын ұйымдастырудың маңызы да атап өтілді.
Мектептер, техникумдар, жоғары оқу орындары және басқа да ұйымдардың ғимараттарындағы бос бөлмелерді, сондай-ақ негізгі оқу бөлмелерін сабақтан тыс уақытта пайдаланып, жастарды, әйелдер мен жұмыссыз азаматтарды кәсіптік дағдыларға және шет тілдеріне оқытуға жағдай жасау міндеті белгіленді.
Әрбір махаллада қоғамдық жұмыстарға бейжай қарамайтын белсенді азаматтар мен ақсақалдар бар екені айтылды. Оларды махалла төңірегіне топтастырып, тұрғындарды игі бастамаларға тарту арқылы масылдық пен немқұрайлылықты азайтуға болатыны атап өтілді.
Жақында қабылданған Президент жарлығымен махалла жүйесімен жұмыс істеу жөніндегі Премьер-министрдің орынбасары лауазымы енгізілді. Бұл қызметке тағайындалған жауапты басшыға әкімдер, аудандық мекемелер, «махалла жетілігі» және банктердің жұмысын бірыңғай жүйеде үйлестіру, сондай-ақ олар пайдаланып отырған электрондық платформаларды біріктіру міндеті жүктелді.
Енді махаллаға қатысты мәселелер бойынша «жетілікті» үйлестіретін басшылардың жеке-жеке жиын өткізуіне жол берілмейді. Барлық мәселе аптасына бір рет Премьер-министрдің орынбасарының төрағалығымен барлық жауапты басшылардың қатысуымен қаралады.
Мемлекет басшысы махаллада жұмысты дұрыс ұйымдастыру, мемлекеттік саясатты ең төменгі буынға дейін жеткізу және әрбір отбасын тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету барлық деңгейдегі басшылардың басты міндеті екенін атап өтті.
Жиында жергілікті реформалар штабтарының, өңірлер басшыларының, аудан және қала әкімдерінің, сондай-ақ жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалды.