Президент мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев мал және құс шаруашылығы салаларын дамыту, ет пен сүт өнімдері өндірісін ұлғайту, сондай-ақ салаға заманауи технологияларды енгізу жөніндегі шаралар бойынша тұсаукесермен танысты.
Өзбекстанда халық саны мен туристер ағынының артуының арқасында азық-түлік өнімдеріне деген сұранысты да көбейтіп отыр. Қазіргі уақытта етке деген жылдық сұраныс 2 миллион 150 мың тоннаны құраса, өндіріс көлемі 1 миллион 600 мың тоннаға жеткен.
Осыған байланысты таныстырылымда 2026–2028 жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыруға бағытталған кешенді шаралар талқыланды.
Жұмыс істемей тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосу, мал шаруашылығына маманданған аудандарды қолдау, тұрғындардың үй шаруашылықтарында жеңіл конструкциялы мал қораларын салу және жаңа жобаларды жүзеге асыру есебінен қосымша 190 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік бар екені атап өтілді.
Атап айтқанда, қызметі тоқтап қалған 103 мал шаруашылығы кәсіпорнын сауықтыру жоспарланып отыр. Олардың қарызын қайта құрылымдау немесе он жылға бөліп төлеу, жем-шөп өсіруге жер учаскелерін бөлу және асыл тұқымды малмен қамтамасыз ету ұсынылды. Нәтижесінде 33 мың бас ірі қара өсіріліп, жылына 12 мың тонна ет пен 40 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік жасалады.

Мал шаруашылығына маманданған 13 ауданда 75 мың гектар жем-шөп алқабын тиімді пайдалану, шағын мал шаруашылығы жобаларын қаржыландыру, сүт қабылдау пункттері мен жем-шөп сату орындарын ашу көзделген.
Сондай-ақ тұрғындардың үй шаруашылықтарындағы 20 сотық жер телімінде жеңіл конструкциялы 11 мың мал қорасын салып, онда 421 мың бас ірі қара өсіру жоспарланған.
Жалпы құны 3 триллион сум болатын 802 жаңа жоба аясында 68 мыңнан астам ірі қара және 186 мың бас қой мен ешкі өсіру көзделіп отыр. Бұл жобалар жылына қосымша 20 мың тонна ет пен 120 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді.
Қарақалпақстан мысалында мал шаруашылығы кешендерін сауықтыру жөніндегі жасанды интеллект көмегімен әзірленген талдау нәтижелері де қаралды. Зерттелген 20 кешеннің қарызы 109,6 миллиард сумды құрап, олардың жартысы жоғары тәуекел санатына енгізілген. Көптеген нысандарда жем-шөп алқаптары мен қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз.
Осыған байланысты қарыз жүктемесін жеңілдету, жем-шөп базасын қалыптастыру, кешендерді алдымен пилоттық тәртіпте, кейін кезең-кезеңімен іске қосу және асыл тұқымды малмен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар айтылды.
Моңғолиядан 150 мың бас қой, Қытай мен Еуропа елдерінен 100 мың бас асыл тұқымды ірі қара, Беларусь Республикасынан 2 мың бас мал әкелу жоспарлануда. Бұл арқылы жылына қосымша 44 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік туады.
Жалпы мал шаруашылығы саласын дамытуға 463 миллион доллар көлемінде қаржы бағыттау көзделген.
Тұрғындардың үй шаруашылықтары мен мал шаруашылығына маманданған махаллаларды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Республикадағы 191 ауданда мал шаруашылығына маманданған 2 407 махалла бар. Онда 823 мың үй шаруашылығы мен 3,9 миллион тұрғын тұрады.

Бұл үй шаруашылықтарын қолжетімді бағамен малмен қамтамасыз ету, сиырларды қолдан ұрықтандыру, жем-шөппен қамту және зооветеринариялық қызметтердің сапасын арттыру, асыл тұқымды бұзауларды сәйкестендіру және оларға субсидия бөлу ұсынылды. Нәтижесінде үй шаруашылықтарындағы мал басы мен өнімділік артып, тұрғындар үшін қосымша табыс көздері ашылады деп күтілуде.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында 13 ауданда әрқайсысы 200 бас ірі қараға арналған шаруашылықтар құру, жыл сайын 500 мың бас сиырды сұрыпталған ұрықпен қолдан ұрықтандыру және эмбриондарды трансплантациялау технологияларын кеңінен енгізу жоспарланған.
Таныстырылымда Өзбекстан мал өсірушілер қауымдастығын құру туралы ұсыныс та қаралды. Жаңа құрылым мал өсірушілердің мүддесін қорғау, кооперацияны дамыту, асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарын, ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қолдау, қаржылай көмек көрсету және сыртқы нарықтарға шығуға жәрдемдесу бағытында жұмыс істейді.
Фермерлер мен тұрғындар үшін «Smart Fermer» бірыңғай цифрлық көмекшісі де таныстырылды. Мобильді қосымша арқылы малды сәйкестендіру, ветеринар шақыру, қолдан ұрықтандыру, малды азықтандыру және жайылымдарды басқару жөнінде ақпарат алу, субсидияға өтінім беру, сондай-ақ жасанды интеллект негізінде кеңес алу мүмкін болады.
Құс шаруашылығы саласында жалпы құны 432 миллион доллар болатын жобаларды жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар есебінен 2028 жылға дейін құс етін өндіру көлемін қосымша 100 мың тоннаға арттыру, жем-шөп өндіру қуатын 3,3 миллион тоннаға жеткізу және заманауи сою жүйесінің қамту деңгейін 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту мақсат етілген.
Мемлекет басшысы жобалардың экономикалық тиімділігін жан-жақты талдау, қаржы ресурстарын нақты бағыттарға жұмсау, цифрлық есеп пен мониторинг жүйесін енгізу, ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өнімдермен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.