Перуде болған екі жер сілкінісінен алты адам қаза тапты
Перудің таулы аймағында болған екі жер сілкінісінің салдарынан кемінде 6 адам қаза тауып, 21 адам жарақат алды.
Бұл туралы елдің Азаматтық қорғаныс институтының басшысы мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, жер сілкіністері 19 шілдеге қараған түні Хунин аймағындағы Чупака провинциясында, астана Лимадан шамамен 300 шақырым шығысқа қарай тіркелген.
Перу ұлттық сейсмология орталығының дерегінше, алғашқы жер сілкінісінің магнитудасы 5,1, ал екіншісінікі 3,7 болған. Алғашқы дүмпу 24 шақырым, екіншісі 18 шақырым тереңдікте орын алған.
Ал Еуропа–Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы алғашқы жер сілкінісінің магнитудасын 5,6 деп бағалаған.
Перу Ұлттық азаматтық қорғаныс институтының басшысы Луис Васкес Exitosa радиосына берген сұхбатында 48 үйдің толық қирағанын, тағы 18 баспананың зақымданғанын айтты.
Табиғи апаттан шамамен 300 тұрғын зардап шеккен. Қазір оларға уақытша тұру үшін шатырлар бөлініп жатыр.
Чупака провинциясындағы зардап шеккен елді мекендердегі үйлердің басым бөлігі саз кірпіштен тұрғызылған. Луис Васкестің айтуынша, құтқарушылар мен өрт сөндіру қызметі үйінділерді тазалау жұмыстарын бастаған. Мамандар қираған ғимараттардың астында әлі де адамдар қалып қоюы мүмкін екенін жоққа шығармай отыр.