Нөкісте III халықаралық химия олимпиадасы өтеді
Биыл 3–10 қараша күндері Қарақалпақстан Республикасының Нөкіс қаласында әлемнің 32 елінен жас химиктер басқоспақ.
Үшінші рет ұйымдастырылатын Әбу Райхан Беруни атындағы халықаралық химия олимпиадасы (ARBIChO) — мектеп оқушыларының химия пәні бойынша теориялық білімі мен практикалық дағдыларын сынайтын беделді халықаралық білім додасы.
Олимпиада тарихына көз жүгіртсек, 2023 жылы Хиуада өткен алғашқы жарысқа 15 елден 130-дан астам оқушы қатысқан. Ал былтыр Ташкентте ұйымдастырылған II халықаралық олимпиадада 16 елден келген 115 жас химик өзара бақ сынады. Биыл Нөкісте өтетін III халықаралық олимпиадаға 32 елдің өкілдері қатысады.
Айта кетейік, халықаралық олимпиаданың алтын медаль иегеріне 12 базалық есептік көрсеткіш (5 миллион 280 мың сум), ал оның мұғаліміне 50 БЕК (22 миллион сум) көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы беріледі. Күміс медаль иегері 8 БЕК (3 миллион 520 мың сум), оның мұғалімі 35 БЕК (15 миллион 400 мың сум), қола медаль иегері 6 БЕК (2 миллион 640 мың сум), ал оның мұғалімі 30 БЕК (13 миллион 200 мың сум) алады.