Мемлекет басшысы Бұхарадағы құрылыс жұмыстарымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Бұхараға сапары барысында қаланың жаңа әуежайын салу жобасымен танысты.
Өзбекстанда көлік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамып келеді. Жаңа жолдар мен көпірлер салынып, жолаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Айта кету керек, Мемлекет басшысы 2024 жылы Бұхара облысына жасаған сапары кезінде өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында жаңа халықаралық әуежай салу жөнінде нақты тапсырма берген болатын.

Бұл ірі инфрақұрылымдық нысанды және оған іргелес жүйелерді дамыту үшін қала сыртынан 370 гектар жер бөлінген. Жоба аясында әуежайға апаратын автокөлік жолы да салынып жатыр. Оның жалпы ұзындығы 23,8 шақырымды құрайды: 2,7 шақырымы – жаңадан салынатын жол, ал 21,1 шақырымы қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар жол бойында 2 жол өткелі, 9 жерасты жаяу жүргінші өткелі және 8 көпір салу көзделген.
Жобаға сәйкес, жаңа әуежайда ұзындығы 3,3 шақырым болатын, барлық үлгідегі әуе көліктерін қабылдайтын ұшу-қону жолағы және сағатына 1200 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы заманауи аэровокзал кешені бой көтереді.

– Біз Бұхара облысының тұрғындарына, сондай-ақ отандық және шетелдік туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсететін заманауи әуежай салуды көздеп отырмыз. Сондықтан бұл нысан әлемдік стандарттарға толық сай болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президентке өңірдің экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған өзге де құрылыс жобалары таныстырылды.
