Мексикадағы жол апатынан кемінде 16 адам қаза тапты
Мексиканың Наярит штатындағы Гвадалахара–Тепик автожолында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы салдарынан кемінде 16 адам қаза тауып, бірнеше адам ауыр жарақат алды.
«Excélsior» басылымының хабарлауынша, бұған дейін болған тағы бір жол апатына байланысты жол бойында тоқтап тұрған көліктерге жоғары жылдамдықпен келе жатқан жүк көлігі соғылған.
Қатты соққыдан кейін оқиға орнында ірі өрт шығып, бірнеше көлік отқа оранған. Соның салдарынан құтқарушылардың жұмысы едәуір қиындаған. Апат кезінде қарапайым азаматтармен қатар оқиға орнында болған Ұлттық гвардияның екі қызметкері де ауыр жарақат алған.
Қазіргі уақытта жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Ресми билік құрбандар саны әлі де артуы мүмкін екенін мәлімдеген.