Конго ДР-да Эбола вирусына қарсы емді клиникалық сынақтан өткізу басталды
Конго Демократиялық Республикасында «Бундибугё» штамы тудырған Эболаға қарсы емдеу әдісін клиникалық сынақтан өткізу басталды.
Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді.
Қазіргі уақытта «Бундибугё» штамына қарсы мақұлданған вакцина немесе емдеу әдісі жоқ. Аталған штам Конго Демократиялық Республикасында 1 400-ден астам адамның ауруға шалдығуына себеп болып, оның 438-і көз жұмған. Тедрос Адханом Гебрейесустің айтуынша, соңғы екі аптада елде тәулігіне орта есеппен 38 жаңа расталған ауру жағдайы тіркелген.
Мыңнан астам науқас қатысатын клиникалық сынақ бірнеше айға созылуы мүмкін. Зерттеу барысында Mapp Biopharmaceutical әзірлеген тәжірибелік «MBP134» антидене препараты және Gilead Sciences шығарған вирусқа қарсы ремдесивир препаратымен бірге қолданылып, олардың тиімділігі бағаланады.
ДДҰ мәліметінше, сынақ жүргізуге қажетті дәрілік препараттар жеткілікті көлемде бар. Ұйым АҚШ үкіметімен және Gilead Sciences компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Егер препараттар қауіпсіз әрі тиімді деп танылса, олармен науқастарды қамтамасыз ету жалғасады.