Канада АҚШ тауарларына 50 пайызға дейін баж салығын енгізді
Канада АҚШ-тан импортталатын бірқатар тауарларға жаңа тарифтер енгізіп, көршілес елдер арасындағы сауда текетіресін одан әрі ушықтырды.
Жаңа санкция Вашингтон енгізген баждарға толықтай пропорционалды түрде белгіленді. Оттава АҚШ-тан әкелінетін болат, сүт өнімдері, қағаз, тұрмыстық және ауыл шаруашылығы техникасы секілді негізгі тауарларға 15, 25 және 50 пайыз көлемінде баж салығын қолданады.
Жағдайдың шиеленісуіне тамыз айының соңында екі ел арасындағы сауда келіссөздерінің нәтижесіз аяқталуы себеп болды. Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Канададан импортталатын болат, алюминий, ағаш және автомобиль бөлшектері сияқты негізгі тауарларға 50 пайыздық тариф енгізген еді.
Канада билігі жауап ретінде енгізілген баж салығы тек АҚШ-та өндірілген тауарларға қолданылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, жаңа тарифтер күшіне енген күні жолда болған жүк партияларына бұл шаралар әсер етпейді.