Ислам өркениеті орталығы БҰҰ-ның бөлімшесінде Орталық Азияның ғылыми және рухани мұрасын таныстырды
Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы Швейцарияның Женева қаласындағы БҰҰ-ның бөлімшесінде Орталық Азияның ғылыми және рухани мұрасын, сондай-ақ оны зерттеуге, сақтауға және кеңінен насихаттауға бағытталған заманауи жобаларды таныстырды.
Ұлттар сарайында «Өркениеттер, тұлғалар, жаңалықтар» көрмесі және дипломаттарды, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерін біріктірген халықаралық ғылыми конференция өтті.
Осынау шара «Ислам өркениеті: Мәуереннахрдың ұлы рухани және ғылыми мұрасы мен ағартушылық көкжиектері» тақырыбындағы конференция Бұхара, Самарқанд және Терміздің ғылыми дәстүрлерінің әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесіне, сондай-ақ осы мұраның қазіргі қоғам үшін маңызына арналды.
Іс-шара Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде басталған халықаралық диалогтың мәнді жалғасы болды. Екі кездесу де Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің 2025 жылғы 23 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында көтерген Имам Бұхари, Имам Термизи және Имам Матуриди мұрасын терең зерттеп, әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру жөніндегі бастамасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Айтулы бағдарлама «Өркениеттер, тұлғалар, жаңалықтар» көрмесінен басталды. Онда кітаптар, ғылыми және көркемделген басылымдар, миниатюралар, сондай-ақ Орталық Азияның ұлы ойшылдарының өмірі мен жаңалықтары туралы материалдар ұсынылды. Экспозиция өңірдің ғылыми және көркемдік дәстүрлерінің байлығын, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы білім сабақтастығын көрсетті.
Іс-шарада БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая мен Өзбекстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Элдиёр Тошматов құттықтау сөз сөйледі.
Татьяна Валовая конференцияның өркениеттер диалогы мен өзара сенімді нығайтудағы маңызын атап өтіп, Орталықтың ағартушылық миссиясына және оның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі кітапханасымен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.
– Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы менде зор әсер қалдырды. Бұл – бай тарихи мұра заманауи технологиялардың көмегімен ұсынылатын шабыт мекені. Көрме таңғаларлық, ал таныстырылған кітаптар – бірегей дүниелер. Біз кітапханамыз бен Орталық арасында ынтымақтастық орнатуға келістік. Мұндай әріптестік өте қызықты болады деп ойлаймын, – деді Татьяна Валовая.

Конференцияның ашылу рәсімінде Өзбекстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының директоры Акмал Саидов та сөз сөйледі.
Негізгі баяндаманы Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығының директоры, Өзбекстанның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау жөніндегі Дүниежүзілік қоғамдастықтың (WOSCU) басқарма төрағасы Фирдавс Абдухолиқов жасады. Ол музей қызметін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және ағартушылық бағыттарды біріктіретін Орталықтың халықаралық миссиясы туралы айтып, болашақтағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін айқындай түсті.
– Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің 2025 жылы БҰҰ мінберінен көтерген бастамасы бүгінде нақты нәтижелерден көрініс тауып отыр, – деді Фирдавс Абдухолиқов. – Париждегі ЮНЕСКО-дан кейін ұлы бабаларымыздың мұрасы Женевадағы Ұлттар сарайында да таныстырылып, халықаралық қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Біз БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің басшылығымен БҰҰ кітапханасы мен архивтерін пайдалану мүмкіндігін жасау жөнінде келісімге қол жеткіздік. Бұл Орталық Азияның, әсіресе Өзбекстан тарихына қатысты бұрын белгісіз болған материалдарды зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Шараға қатысушылар Имам Бұхари, Имам Термизи және Имам Матуридидің Бұхара, Термез және Самарқандтың ғылыми дәстүрлерімен сабақтас мұрасына ерекше назар аударды. Талқылаудың негізгі тақырыптары білімнің сенімділігі, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу жауапкершілігі, сондай-ақ сенім мен ақылдың арақатынасы болды.
Женева дипломатиялық корпусының президенті Роберт Блюм Самарқанд тарихына және оның түрлі мәдениеттер мен діндер тоғысқан мекен ретіндегі орнына тоқталып, білімге деген ортақ ұмтылыстың маңызын атап өтті.

Конференцияның ғылыми бөлімін оның модераторы, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов ашып берді. Ол Орталық Азия ғалымдарының жаңалықтары, олардың әлемдік ғылымға қосқан үлесі және Орталықтың халықаралық миссиясы туралы баяндама жасады.
Содан кейін, ағартушылық пен толеранттылық тақырыбын Өзбекстан Республикасы Дін істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Давронбек Махсудов жалғастырды.
Имам Матуриди халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Комилжон Шермуҳамедов өз баяндамасында ойшыл мұрасындағы ақылдың, ұстамдылықтың және моральдық жауапкершіліктің маңызын ашып көрсетті.
Ал Имам Бұхари халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Отабек Мұхаммадиев Имам Бұхари мен Имам Термизидің ғылыми мұрасындағы дереккөздердің сенімділігін тексеру әдістеріне тоқталды.

Бағдарлама аясында үш қысқаметражды фильм де көрсетілді. Оларда Өзбекстан мен ислам өркениетінің мұрасы, жаңа буын музейі саналатын Ислам өркениеті орталығы, сондай-ақ Имам Бұхари, Имам Термизи және Имам Матуриди мұрасы туралы баяндалды. Фильмдер өңірдің тарихи мұрасын зерттеу мен насихаттаудағы заманауи тәсілдерді танытты.
«Өркениеттер, тұлғалар, жаңалықтар» көрмесінде ұсынылған барлық кітапты Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің кітапханасына сыйға тартты.
Конференция ғылыми және мәдени-ағартушылық салалардағы бірлескен жобалардың мүмкіндіктерін талқылаумен аяқталды. Ресми бағдарламадан кейін Ұлттар сарайында өзбек ұлттық тағамдары ұсынылған қабылдау рәсімі өтті. Бұл дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері арасындағы диалогтың заңды жалғасына айналды.