Иран Кувейт әуежайына соққы жасады
Кувейт халықаралық әуежайы дрондар шабуылына ұшырады. Әуе соққылары жолаушылар терминалына тиіп, ғимаратқа айтарлықтай зақым келген. Оқиға салдарынан бірнеше адам жарақат алып, шабуылдан кейін елде коммерциялық әуе рейстері уақытша тоқтатылды.
Оқиғадан соң «Kuwait Airways» компаниясы барлық рейстердің келесі хабарламаға дейін тоқтатылғанын мәлімдеді. Әуежай аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Әзірге қаза тапқандар туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Бұл жағдай Иран мен АҚШ арасындағы жаңа шиеленіс аясында орын алды. Вашингтонның мәліметінше, Кувейт пен Бахрейн бағытына бірнеше зымыран ұшырылғаннан кейін америкалық әскерилер Кешм аралындағы нысанға соққы берген. Ал Тегеран өз әрекеттерін бұған дейінгі шабуылдарға жауап деп бағалап отыр.
Бахрейн әуе кеңістігіне бағытталған бірнеше зымыран мен дронның жойылғаны хабарланды. Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы нысаналар қатарында АҚШ-тың аймақтағы әскери инфрақұрылымы да болғанын мәлімдеді. Алайда тараптардың мәлімдемелері әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы толық расталған жоқ.
Аймақтағы жағдайдың ушығуы саяси келіссөздердің тағдырына да әсер етуі мүмкін.