Еуропадағы жалған ақшаның төрттен бірін жасаған италиялық ұсталды
Италияда Еуропа аумағында айналымға түскен жалған еуролардың төрттен бір бөлігін жалғыз өзі басып шығарған күдікті қолға түсті.
Тергеу барысында гараж ішіндегі рельстердің үстіне орнатылған жалған қабырғаның ар жағынан 31 цифрлық баспа құрылғысынан тұратын жасырын баспахана табылған.
Полиция жалпы құны 3 миллион еуро болатын 20, 50 және 100 еуролық жалған банкноттарды тәркіледі. Тағы 8 миллион еуро көлеміндегі жалған ақша Еуропаның түрлі елдеріне, негізінен Франция арқылы таратылып үлгерген.
Еуропалық орталық банк мәліметінше, жалған банкноттардың сапасы соншалық, тіпті ондағы голограммалар да шынайы ақшадай көрінген. Жалған купюралар 10 мемлекет аумағында анықталған.