Эфиопияда автобус құзға құлап, 30-ға жуық адам қаза тапты
Эфиопияның Амхара өңірінде жолаушылар автобусының құзға құлауы салдарынан кемінде 28 адам қаза тапты.
Полиция мәліметіне сәйкес, автобус Дессе қаласынан ел астанасы Аддис-Абебаға бет алған кезде жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Алдын ала дерек бойынша, жергілікті бағытта қатынаған автобус жүргізушісі көлікті басқара алмай қалып, жолдан шығып кетіп, өзенге құлаған.
Оқиға салдарынан 28 адам қаза болған. Көптеген адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Сондай-ақ зардап шеккендердің арасында жағдайы ауыр науқастардың бар екені айтылады. Оқиға орнында құтқару және тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Эфиопияда жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Мамандар мұны жүргізушілік мәдениеттің төмендігі және көптеген көлік құралдарының техникалық жағдайы талапқа сай болмауымен байланыстырады.