Депутат жастармен кездесті
Янгиер қаласындағы No1 техникумда "Халықпен бірге" жалпыұлттық бағдарламасы аясында Олий Мәжіліс Заң шығару палатасының депутаты Гауһар Әлімованың жастармен өткізген ашық диалогында өзекті мәселелер, ұсыныстар мен бастамалар тыңдалып, олардың шешіміне қатысты мәселелерге назар аударылды.
Сұхбат барысында дуалды білім берудің артықшылықтары, кәсіп игерумен қатар тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру, жұмыс берушілердің талабына сай кадрлар даярлау, сондай-ақ жастарды лайықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Атап өтілгендей, бүгінде техникумның 17 түлегі неміс тілі бойынша сертификат алып, Германияда заңды еңбек жолын бастаған. Бұл – жастарға кәсіптік білім берумен қатар, шет тілдерін үйрету және олардың халықаралық еңбек нарығына шығуы үшін жасалып жатқан мүмкіндіктердің іс жүзіндегі нәтижесі.
Техникумда Көші-қон агенттігінің облыстық басқармасымен бірлесіп неміс тілі оқу курстары ұйымдастырылған. Бұл курстар жастардың шет тілі бойынша білімі мен дағдыларын арттыруға, сонымен қатар шетелде заңды еңбек қызметін бастау үшін қажетті дайындықтан өтуіне қызмет етеді.
Қазіргі уақытта білім ордасында "Металды қайта өңдеу," "Жиһаз дизайнері," "Сән және тігін өндірісінің технологиясы" бағыттары бойынша орта буын мамандары даярлануда. Аталған бағыттар еңбек нарығында сұранысы жоғары кәсіптерді игеруге жастар үшін кең мүмкіндіктер ашады.

Білім беру үдерісін тәжірибемен ұштастыру мақсатында техникумның қаладағы "ECO VOD" жиһаз зауытымен және "Elegant" ірі тігін фабрикасымен ынтымақтастығы жолға қойылған. Дуалды білім беру түрінде ұйымдастырылған осы жүйе арқылы студенттер теориялық білімдерін кәсіпорындардағы тәжірибелік сабақтармен үйлестіріп, таңдаған кәсібі бойынша тәжірибе жинақтауда.

Ашық сұхбатта депутат Гавхар Олимова жастардың білім алуы, кәсіп игеруі және болашақта лайықты жұмыс орнына ие болуы елдің дамуымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды қолдау, олардың бастамаларын ынталандыру, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және көтерілген мәселелерге нақты шешімдер табудың маңыздылығы айтылды.
— Бүгінгі кездесу біз, жастар үшін өте мазмұнды өтті. Техникумымызда заманауи кәсіптерді игеру үшін жасалған мүмкіндіктер, әсіресе дуалды білім беру жүйесі маған өте ұнайды. Оқумен қатар жұмыс істеп, өз салам бойынша тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Болашақта алған білімім мен дағдыларым арқылы жақсы маман атанып, еліміздің дамуына өз үлесімді қосуды мақсат етемін, — дейді техникум студенті Нигора Моминова.

Кездесу соңында жастардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Айтылған ойлар негізінде оларды заманауи кәсіптерге оқыту, тәжірибелік дағдыларын арттыру, жұмыспен қамту, сондай-ақ бастамаларын қолдап-қуаттау бойынша тиісті мәселелер талқыланды.
Ғұлам Примов, ӨзА тілшісі