Чад Халықаралық қылмыстық соттан шығатынын мәлімдеді
Чад Республикасы Халықаралық қылмыстық сотты (ХҚС) құратын Рим статутынан шығатынын жариялап, сотты Африка елдеріне қатысты біржақты ұстаным танытып отыр деп айыптады.
Мәлім болғандай, 27 шілдеде Чад үкіметі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына және Рим статутының депозитарийіне Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутынан шығу туралы егемен шешімі жөнінде ресми хабарлама жолдаған.
Бұл шешім ХҚС қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде қабылданған. Чад билігінің пікірінше, соттың қызметі тиімсіз әрі Африка елдеріне қатысты әділетсіз сипатқа ие. Атап айтқанда, ХҚС жүргізіп жатқан тергеулердің басым бөлігі Африка мемлекеттеріне қатысты екені айтылып, бұл ұйым қызметінің саясиланғанын көрсететініне назар аударылды.
Сонымен қатар, Чадтың Сыртқы істер министрлігі Африка одағы аясында халықаралық әділеттіліктің өңірлік тетіктерін құруға шақырды.
Бұған дейін Буркина-Фасо, Мали және Нигер де бірлескен коммюнике жариялап, Рим статутынан шығатынын мәлімдеген болатын. Олар Халықаралық қылмыстық соттың соғыс қылмыстары, адамзатқа қарсы қылмыстар, геноцид және агрессия қылмыстары бойынша тиімді тергеу жүргізуге және оларды қарауға қауқарсыз екенін атап өткен еді.