Амман қаласыны бүгінгі келбеті
Иордания Хашимит Корольдігінің астанасы Амман – Таяу Шығыстағы терең тарихымен, бай мәдени мұрасымен және қайталанбас сәулетімен ерекшеленетін көне шаһар.
Қыратты алқап қойнауында қоныстанған бұл қалада өткен мен бүгіннің тынысы ғажайып үйлесім тапқан. Бір қиырында ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи жәдігерлер, ескі көшелер мен шығыстың дәстүрлі базарлары қайнап жатса, екінші бетінде зәулім ғимараттар, кең даңғылдар мен заманауи кешендер елорданың жаңа келбетін айшықтай түседі.
Амманның тамыры бірнеше мыңжылдықтарға бойлайды. Ежелгі дәуірде «Филадельфия» деген атпен танылған шаһар талай өркениеттің тоғысында қалыптасқан. Бүгінде мұнда Рим, Византия және ислам дәуірлерінен қалған сәулет өнерінің жауһарлары сол қалпында сақталған.
Қаланың басты інжу-маржандарының бірі – Джабал әл-Қалъа төбесінде орналасқан көне қамал кешені. Оның аумағында Геркулес ғибадатханасы, Византия шіркеуі және Омейядтар сарайының көне жұрты орын тепкен. Осы биіктен төбелерге өрлей орналасқан Амманның алақандағыдай ғажайып көрінісі ашылады.
Шаһардың тағы бір әйгілі ескерткіші – біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырда бой көтерген Рим театры. Шамамен 6 мың көрерменге шақталған бұл нысан – антикалық сәулет өнерінің бірегей туындысы. Бүгінде ол қаланың маңызды мәдени-тарихи орталығы ретінде өз құндылығын жоғалтқан емес.
Амманның тартымдылығы тек көне жәдігерлерімен шектелмейді. Төбелерді бойлай салынған ақшыл тас үйлер, тіршілігі қыз-қыз қайнаған көшелер, ұлттық қолөнер бұйымдары қойылған базарлар мен заманауи сауда орталықтары қала өмірінің сан қырлы бояуын танытады. Әсіресе, ескі шаһардағы дәстүрлі орта мен Абдали секілді жаңа аудандардың сәулеттік келбетіндегі айырмашылық астананың ғасырлар бойғы даму жолы мен бүгінгі өркендеуін айқын аңғартады.
Дәл осы күндері Амман төрінде Өзбекстан мен Иордания арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер өтіп жатыр. Мемлекет басшысының 23–24 қарашаға жоспарланған мемлекеттік сапары аясында қос елдің ресми кездесулері, іскер топтар өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум және өзге де маңызды іс-шаралар ұйымдастырылуда.
[gallery-32677]
Көне ескерткіштері, өзгеше сәулеттік келбеті мен заманауи даму қарқынын бойына тоғыстырған Амман – Иорданияның саяси әрі экономикалық ордасы ғана емес, елдің бай рухани-мәдени мұрасын әлемге танытып отырған киелі шаһар.
Ш.Тохиров,
А.Абдуллаев (сурет), ӨзА