Өзбекстанда мобильді нөмір арқылы ақша аудару мүмкін болады
Өзбекстанда жеке тұлғалар арасында мобильді телефон нөмірі арқылы ақша аудару тәртібі белгіленді. Орталық банк басқармасының тиісті шешімі 24 тамызда мемлекеттік тіркеуден өтіп, құжат ресми жарияланғаннан кейін үш ай өткен соң күшіне енеді.
Жаңа тәртіп енгізілгеннен кейін азаматтар ақша аудару кезінде алушының банк шотының немесе банк картасының деректемелерін енгізуге міндетті болмайды. Ол үшін алушының мобильді телефон нөмірінің банк шотына байланыстырылғаны жеткілікті.
Ақша аударымдары Орталық банктің Жедел төлемдер жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бір банк ішінде бір мобильді телефон нөмірін тек бір ғана банк шотына байланыстыруға болады.
Телефон нөмірін шотқа байланыстыру аяқталғаннан кейін арнайы «байланыстыру коды» қалыптастырылады. Азамат бұл байланысты кез келген уақытта мобильді қосымша арқылы немесе банкке тікелей жүгіну арқылы болдырмай қоюына болады.
Ақша аудару қалай жүзеге асырылады?
Ақша жіберуші банкінің мобильді қосымшасында алушының телефон нөмірін немесе «байланыстыру кодын» енгізеді. Осыдан кейін жүйе алушының есепшоты туралы қажетті ақпаратты анықтайды.
Аударымды растаудан бұрын пайдаланушыға алушының аты-жөні, банкі және комиссия мөлшері көрсетіледі. Содан кейін төлеуші операцияны растайды.
Мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылатын мұндай аударымдар тәулік бойы, нақты уақыт режимінде орындалады. Ал банкке тікелей жүгіну арқылы жасалатын аударымдар банктің жұмыс күндері мен жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
Қаулыда ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ алаяқтықтың алдын алуға бағытталған талаптарды сақтау міндетті екені де белгіленген.
Аударым сәтті орындалғаннан кейін төлеушіге операцияны растайтын құжат беріледі. Онда аударымның күні мен уақыты, төлем жүйесіндегі нөмір, банктердің атауы, төлеуші мен алушының деректері, сондай-ақ аударым сомасы мен комиссия мөлшері көрсетіледі.
Осылайша, жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін азаматтар ақша жіберу үшін алушының банк деректемелерін іздеп әуре болмай, оның мобильді телефон нөмірі арқылы қаражат аудара алады. Бұл төлем жасау үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, күнделікті қаржылық операцияларды жылдам әрі ыңғайлы орындауға мүмкіндік береді.