Өзбекстан Президенті Әзербайжан елшісін қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 22 маусым күні еліміздегі дипломатиялық миссиясын аяқтап жатқан Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Гусейн Гулиевті қабылдады.
Мемлекет басшысы елшінің жемісті қызметін және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамытуға әрі нығайтуға қосқан жеке үлесін айрықша атап өтті.

Кездесу барысында жоғары және өзге де деңгейлердегі саяси диалогтың қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Сауда-экономикалық ынтымақтастықта да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгені атап өтілді. Соңғы жылдары өзара тауар айналымы бірнеше есе өсіп, Әзербайжан капиталының қатысуымен 280 кәсіпорын құрылды, сондай-ақ Бірлескен инвестициялық компания өз жұмысын бастады.

Бүгінде геология, ауыл шаруашылығы, көлік, қала құрылысы, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да салалардағы кооперациялық жобалар белсенді жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстар бағытында да маңызды бағдарламалар қолға алынған.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Гусейн Гулиевке Өзбекстан мен Әзербайжан арасындағы көпқырлы қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Мехнат шухрати» орденін табыстады.


Өз кезегінде елші дипломатиялық қызметіне берілген жоғары баға және Өзбекстан мен Әзербайжан арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға көрсетіліп отырған қолдау үшін Мемлекет басшысына шынайы ризашылығын білдірді.