Өзбекстан Президенті мемлекеттік сапармен Грузияға барады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің шақыруымен 2–3 шілде күндері осы елге мемлекеттік сапармен барады.
Сапар бағдарламасына сәйкес, Тбилиси қаласында Грузия Президенті Михаил Кавелашвилимен және Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөздер өткізу жоспарланған.
Келіссөздердің күн тәртібінде Өзбекстан мен Грузия арасындағы достық пен көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралады.
Тараптар саяси диалогты нығайту, парламентаралық және өңіраралық байланыстарды дамыту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасуларды жандандырудың практикалық тетіктерін жан-жақты талқылайды.
Сонымен қатар өнеркәсіп, фармацевтика, химия, ауыл шаруашылығы, туризм, энергетика және ақпараттық технологиялар салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылады.
Бұдан бөлек, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту және өнім экспортын әртараптандыру үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелері де талқылау өзегіне айналады.
Көшбасшылар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасады.
Саммит қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын қамтитын ауқымды құжаттар топтамасына қол қою жоспарланып отыр.