Өзбекстан Президенті Еуропа қайта құру және даму банкінің президентін қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 18 маусым күні Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысы аясында Еуропа қайта құру және даму банкі президенті Одиль Рено-Бассо бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесуде Еуропа қайта құру және даму банкімен Жаңа Өзбекстандағы реформалар бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және ауқымды серіктестікті нығайту мәселелері қаралды.
Осы жетекші көпжақты қаржы институтымен стратегиялық серіктестік бүгінде бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгені айрықша атап өтілді.

Бүгінде Өзбекстан ЕҚДБ-ның аймақтағы ең ірі серіктесі саналады. Басым бағыттардағы жобалардың жалпы портфелі 7 миллиард доллардан асты. Инвестициялардың басым бөлігі жеке секторды қолдауға бағытталған.
Экологиялық таза көлікті дамыту, теміржол инфрақұрылымын цифрландыру, кәсіпкерлікті, ипотека нарығын және елдегі стартаптар экожүйесін қолдау салаларында жаңа келісімдердің жасалғаны қолдау тапты.

Биыл шағын және орта бизнесті несиелеу көлемін кеңейту, соның ішінде экспортты қаржыландыру, әйелдер мен жастарды кәсіпкерлікке баулу бағдарламаларын іске асыру, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік салаларын дамыту, сондай-ақ банк-қаржы секторын трансформациялау үдерістеріне қатысу басым міндеттер ретінде белгіленді.
Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау және көлік инфрақұрылымы салаларындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын ілгерілету жоспарлары қолдау тапты.

Жобаларды әзірлеу тетіктерін жетілдіру және оларды іске асыру тиімділігін арттыру мақсатында Еуропа қайта құру және даму банкі сарапшыларын тартуға қызығушылық білдірілді.
Кездесу барысында Шетелдік инвесторлар кеңесінің алдағы төртінші отырысының күн тәртібі де талқыланды.