Өзбекстан Президенті Аустрия Республикасы делегациясын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 7 мамыр күні Аустрия Республикасының Еуропа және сыртқы істер жөніндегі федералдық министрі Беате Майнл-Райзингер мен ішкі істер жөніндегі федералдық министрі Герхард Карнер бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесу басында мәртебелі меймандар Мемлекет басшысына Аустрия Федералдық Президенті Александр Ван дер Белленнің сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

Тараптар екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Әртүрлі деңгейдегі өзара байланыстардың жүйелі түрде дамып келе жатқаны атап өтілді. Соңғы жылдары тауар айналымы үш есеге артты. Құрылыс материалдары, тау туризмі, денсаулық сақтау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, банк-қаржы және басқа да салаларда бірлескен жобалар белсенді жүзеге асырылып жатыр.

Үкіметаралық комиссия тиімді жұмыс істеуде. Осы сапар аясында бірлескен бизнес-форум табысты ұйымдастырылып, еңбек көші-қоны, дипломатиялық қызмет және салық салу салаларында маңызды келісімдерге қол қойылды.
Мәдениет пен білім беру салаларындағы алмасулар да кеңейіп келеді.
Жоғары деңгейдегі жүйелі диалогты жолға қою, тауар айналымын ұлғайту және басым бағыттар бойынша бірлескен жобаларды ілгерілету маңызды екені атап өтілді.

Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері қозғалып, терроризмге, адам саудасына, есірткі тасымалына және киберқылмысқа қарсы күресте тұрақты ақпарат алмасудың маңызы айтылды.
Сондай-ақ аймақтық және халықаралық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды.