Өзбекстан мен Қазақстан Президенттері Түркістандағы жаңа мешітпен танысты
Жұмыс сапары аясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Түркістан қаласында Өзбекстан тарапынан салынған мешітпен танысты.
Кешеннің жалпы аумағы 7 гектардан асады, онда 5 мыңнан астам адам намаз оқи алады. Салтанатты ансамбль төрт 70 метрлік мұнарадан және негізгі зал мен дәстүрлі терассадан тұратын үш қабатты бас ғимараттан құралған.
Ислам және Шығыс сәулет өнерінің үздік дәстүрлеріне сай салынған жамағат мешітінде ұлттық өрнектер, шығысқа тән күмбездер, биік мұнаралар мен заманауи құрылыс технологиялары үйлесім тапқан. Мешіттің ішкі безендірілуінде ислам каллиграфиясы мен ою-өрнек өнерінің үлгілері кеңінен қолданылған.
Айналасындағы 4,2 гектар аумақты абаттандыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұнда жасыл аймақтар, жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс орындары, жарықтандыру жүйелері, сәндік құрылыстар мен субұрқақтар салынуда.
Өзбекстан тарапынан бауырлас Қазақстан халқына және Түркістан тұрғындарына тарту ретінде бой көтерген бұл көрікті кешен екі ел арасындағы ғасырлар бойғы достықтың, мәдени жақындықтың, тату көршіліктің және одақтастық қатынастардың айқын көрінісі екені атап өтілді.
Құран аяттары оқылып, бауырлас халықтарға бейбітшілік пен береке тілеп дұға жасалды.