Өзбекстан мен Иран аграр саладағы бірлескен жобаларды кеңейтеді
Өзбекстанда ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, инновациялық технологияларды кеңінен енгізуге және аграрлық өнім экспортының көлемі мен географиясын ұлғайтуға басымдық беріліп келеді. Бұл бағытта шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе мен заманауи технологиялар алмасу маңызды рөл атқарып отыр.
Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ибрахим Абдурахмонов Иран Ислам Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Әли Искандаримен кездесті.
АШМ мәліметінше, кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және аграрлық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мәселелері талқыланды.
Тараптар ауыл шаруашылығын механикаландыру, аграрлық ғылым мен инновацияны дамыту, сондай-ақ елдің ауыл шаруашылығына заманауи техника мен озық технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.
Сонымен қатар Иранға минералды тыңайтқыштар мен бұршақ тұқымдас дақылдардың экспортын ұлғайту, тұқым шаруашылығы, балық шаруашылығы және асыл тұқымды мал өсіру салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында Иранның аграрлық сектордағы озық тәжірибесін зерделеу, заманауи агротехнологияларды енгізу, сондай-ақ сала мамандарының біліктілігін арттыруға арналған оқу және тәжірибелік бағдарламаларды ұйымдастыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.