Өзбекстан мен АҚШ өңіраралық бизнес-делегацияларды қолдау жөніндегі құжатқа қол қойды
Ташкент қаласында Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратов пен АҚШ Сауда министрінің орынбасары Дэвид Фогел арасында кездесу өтті.
Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды. АҚШ Өзбекстанның маңызды серіктестерінің бірі болып қала беретіні атап өтіліп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының көлемі 1 миллиард доллардан асқаны ерекше айтылды.
Кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, көлік, ауыл шаруашылығы, қаржы және цифрлық технологиялар салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелеріне баса назар аударылды. Сонымен қатар тараптар инновациялар, жасанды интеллект, телекоммуникация және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы ынтымақтастықты тереңдету жөнінде пікір алмасты.
Іс-шара соңында Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі мен АҚШ-тың Сауда қызметі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат өңіраралық бизнес-делегациялардың қызметін қолдауға, іскерлік байланыстарды нығайтуға, инвестициялық серіктестікті кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды ілгерілетуге бағытталған.