«Volkswagen» 100 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр
«Volkswagen» Германиядағы төрт өндіріс орнын жабу және қысқартылатын жұмыс орындарының санын 100 мыңға дейін жеткізу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл мәселе 9 шілдеде өтетін компанияның бақылау кеңесі отырысында талқыланбақ.
Жоспарға сәйкес, Ганновер, Цвиккау, Эмден зауыттары мен «Audi»-дің Неккарзульмдегі кәсіпорны жабылуы мүмкін. Бұл 45 мыңнан астам жұмыс орнына қауіп төндіреді. Егер шешім қабылданса, 2024 жылдың соңында кәсіподақтармен келісілген 50 мың жұмыс орнын қысқарту жоспары одан әрі ұлғаяды.
Компанияның бас директоры Оливер Блюме бұл ұсыныстарды жоғары басшылыққа таныстырған. Алайда жоспар кәсіподақтар мен компанияның екінші ірі акционері саналатын Төменгі Саксония үкіметінің қарсылығына тап болуы мүмкін.
Сонымен қатар, компания алдағы бес жылға арналған инвестициялық бағдарламаны шамамен 15 пайызға қысқартып, оның көлемін 130 миллиард еуродан сәл жоғары деңгейде бекітуді жоспарлап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, «Volkswagen» соңғы жылдары импорттық баж салығының артуы, электромобильдерге көшу шығындары және қытайлық автокөлік өндірушілерінің күшейген бәсекесіне байланысты елеулі қысымға ұшырап келеді.