Венгрияда саяси өзгеріс: Виктор Орбан жеңілісін мойындады
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан елде өткен парламент сайлауында жеңілгенін ресми түрде мойындады.
«Қандай жағдай болмасын, тіпті оппозицияда болсақ та, елге қызмет етеміз», — деді ол 12 сәуір, жексенбі күні кешке Будапешт қаласында жақтастары алдында сөйлеген сөзінде.
Сайлау комиссиясының мәліметінше, учаскелердің 84,91 пайызының дауысы саналғаннан кейін, оппозиция жетекшісі Петер Мадьяр мен оның оңшыл-центристік «Тиса» партиясы 199 орындық жаңа парламентте 138 мандат алуы мүмкін. Бұл — парламенттегі орындардың үштен екісінен астамы деген сөз.
Сайлаушылар белсенділігі де рекордтық деңгейге жетті. Учаскелер жабылуына жарты сағат қалғанда дауыс беруге қатысу көрсеткіші 77,8 пайыз болған.
62 жастағы Орбан 2010 жылдан бері билік басында болды. Ал бұл сайлауда алғаш рет оған қарсы жеңіске жете алатын оппозициялық кандидат пайда болды — ол 45 жастағы Петер Маьдяр. Бұған дейін ол «Фидес» партиясының жастар қанатының мүшесі болған, ал «Тиса» партиясын небәрі екі жыл бұрын басқара бастаған.