US Open-2026 турнирінің жүлде қоры рекордтық 108 миллион долларға жетті
2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатының (US Open) жалпы жүлде қоры 108 миллион долларды құрайды. Бұл — теннис тарихындағы ең жоғары жүлде қоры.
Турнирдің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, US Open-2026 қатысушыларына жалпы 108 миллион доллар төленеді. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы алдыңғы рекордтан 20 пайызға жоғары. Былтыр теннисшілер арасында 90 миллион доллар бөлінген болатын. Ал 2024 жылмен салыстырғанда биылғы жүлде қоры 44 пайызға артқан.
2026 жылы ерлер және әйелдер арасындағы жекелей сында жеңімпаз атанған теннисшілердің әрқайсысы 5,5 миллион доллардан алады. Бұл 2025 жылғы чемпиондар Карлос Алькарас пен Арина Соболенко алған жүлдеден 500 мың долларға көп.
Осылайша, US Open-2026 жекелей сындағы чемпионға берілетін «Үлкен дулыға» турнирлері тарихындағы ең жоғары жүлдені белгілеп отыр.
Финалға шыққан теннисшілердің әрқайсысы 2,8 миллион доллардан, жартылай финалистер 1,45 миллион доллардан, ал ширек финалистер 780 мың доллардан алады. Жұптық сында жеңімпаз атанған жұпқа 1 миллион доллар көлемінде жүлде беріледі, оны спортшылар өзара бөліседі.