Трамп технология кеңесіне Цукербергті тағайындады
АҚШ президенті Дональд Трамп технология саласы бойынша консультативтік кеңеске бірқатар ірі бизнес өкілдерін тағайындады. Олардың қатарында Марк Цукерберг пен Дженсен Хуанг сияқты жетекші тұлғалар бар. Сондай-ақ Ларри Эллисон да кеңес құрамына енгізіліп, жасанды интеллект саясаты мен өзге де маңызды бағыттарды бағалауға қатысады.
Ақ үйдің хабарлауынша, Ғылым және технологиялар жөніндегі президенттік кеңестің (PCAST) тең төрағалары ретінде бұрын Трамп әкімшілігі құрамында жасанды интеллект пен криптовалюта саясатына жауапты болған Дэвид Сакс және технологиялық кеңесші Майкл Крациос тағайындалған.
25 наурыз күні Трамп кеңестің алғашқы 13 мүшесін бекітті. Олардың қатарында Сергей Брин және Майкл Делл бар. Президент жарлығына сәйкес, кеңестің толық құрамы 24 адамға дейін жетуі мүмкін.
«АҚШ жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшы болуға үлкен мүмкіндікке ие», – деді Цукерберг The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында. Оның айтуынша, президент кеңесіне қосылып, сала жетекшілерімен бірге жұмыс істеу – үлкен мәртебе.
Айта кетейік, Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінде де осындай кеңес құрған болатын. Алайда ол кезде құрамында технология саласының өкілдері болғанымен, мұндай деңгейдегі танымал тұлғалар болмаған еді.