Трамп Путинмен Сауд Арабиясында кездесетінін мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Ақ үйде журналистерге Украина мәселесіне байланысты олардың кездесуі Сауд Арабиясында өтетінін айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату жолдарын талқылау үшін бетпе-бет кездесу өткізетін ел – Сауд Арабиясы болады. Бұл туралы Трамптың 12 ақпан, сәрсенбі күні Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Ақ үйде журналистерге берген мәлімдемесінде айтылды.
«Біз Сауд Арабиясында кездесеміз», – деген Трамп.
Тіпті сайлауалды науқаны кезінде де Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға күш салатынын бірнеше рет атап өткен болатын.
Журналистермен сұхбат барысында Трамп, сондай-ақ, Украинаның НАТО-ға мүше болуын орынды деп санамайтынын және оның пікірінше, Киевтің Ресей бақылауындағы барлық аумақтарды қайтаруы «мүмкін емес» екенін айтқан.