Ташкентте «ToshTech» техника университеті ашылады
2025 жылғы 11 қыркүйекте Президенттің қаулысына сәйкес Ташкент қаласында жаңа жоғары білім ордасы – «ToshTech» техника университеті құрылатын болды.
Жаңа университет академиялық, қаржылық және ұйымдастырушылық-басқару салаларында толық дербестікке ие болады. Бұл қадам білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға әрі заманауи техникалық мамандар даярлауға бағытталған.
2025/2026 оқу жылынан бастап мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын бір жылдық даярлық курсы енгізіледі. Ал 2026/2027 оқу жылынан бастап бакалавриат білім беру бағдарламалары бойынша толыққанды оқу процесі бастау алады.
Келесі кезеңде, яғни 2027/2028 оқу жылынан бастап университетте магистратура және жоғары білімнен кейінгі білім беру сатылары кезең-кезеңімен енгізіледі. Оқу процесі мемлекеттік грант пен ақылы негізде, мемлекеттік және шет тілдерінде жүргізіледі.
Айта кетерлігі, 2029/2030 оқу жылына дейін қабылданған студенттердің барлығы толықтай мемлекеттік грант негізінде білім алады. Бұл жастар үшін зор мүмкіндік әрі елдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға жасалған қадам.