Ташкентте Корея Эксимбанкімен бірлесіп салынып жатқан медициналық кластер жаңа нысанмен толықтырылады
Ташкент қаласында Корея Эксимбанкімен ынтымақтастық аясында салынып жатқан ауқымды медициналық кластер тағы бір маңызды нысанмен толықпақ. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Элдор Адилов пен Оңтүстік Кореяның «AUM & LEE Architects & Associates» компаниясының вице-президенті Ли Вон Сок арасындағы кездесуде келісімге қол жеткізілді.
Атап айтқанда, кездесу барысында тараптар 265 орындық жаңа онкология орталығын салу жобасының келесі кезеңдерін жан-жақты талқылап, консультанттық қызметтер көрсету жөніндегі тиісті келісімшартқа қол қойды.
Айта кету керек, бұл кешен Ташкент қаласында құрылып жатқан заманауи медициналық кластердің негізгі әрі маңызды нысандарының бірі саналады.
Министр мұндай ынтымақтастық екі тарапқа да бірдей тиімді болатынына сенім білдіріп, орталықты жоғары сапада салудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол кореялық тараптың мол тәжірибесі мен жұмысының жоғары сапасына сенім артатынын жеткізді.
Мәліметке сәйкес, «AUM & LEE» консорциумы жобалау, құрылыс барысын басқару және қатаң бақылау, заманауи медициналық жабдықтарды таңдау, сондай-ақ орталықтың медициналық қызметтері мен ақпараттық жүйесін жоспарлау сияқты бірқатар бағыт бойынша консультанттық қолдау көрсетеді.
Сонымен қатар жоба аясында орталық қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсету сапасы, радиология, ядролық медицина және сәулелік терапия салалары бойынша үш кезеңнен тұратын арнайы практикалық оқыту курстарын өткізу көзделген.